Біз тазалықты қолдаймыз

Көктем айларында сенбілікке деген жоспарлар жасақталып, қаламызды көркейту үстіндегі жыл сайынғы атқаратын жұмыстар бұл жолы да өз үрдісін жалғастыруда. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де бұл шараға атсалысты.

Кезекті өткен сенбілікке университет ұжымы мен білім алушылары өз үлестерін қосып, университеттің оқу  ғимараттары мен жатақхана аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Оған қоса, университеттің Агробиологиялық участкесі және жылыжай шаруашылығы аймағында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, арықтар суарылып, әр түрлі ағаштардың тұқымдары отырғызылды. Сондай-ақ, талдарды әктеу, жас шыбықтар мен бұталар жанын қоқыстардан тазалау сынды шаралары да жүргізілді. Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту үшін көріктендіру жұмыстарымен қатар қаланың сырт көрінісіне де ерекше  көңіл бөлу сияқты ауқымды жұмыстар атқарылды.
Сенбілік — бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, психологиялық климатты көтеретін керемет әдіс, - деп есептейді университет қызметкерлері мен студенттері. Сенбілік қызметкерлер мен білім алушылар арасында жұмыс пен оқудан тыс, бір-бірін жақын тануға мүмкіндік береді. Бұрыннан белгілі, ортақ мүдде үшін бірлесіп жасаған еңбектей еш нәрсе адамдарды біріктіре алмайды. Сенбіліктің мақсаты - қаланың шырайын әрлендіру, студент-жастарды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуға баулу. Осындай ұжымдық шаралардың адамдарға үлкен әсер беріп, олардың бір-біріне деген сенімдерін ұштай түсері де анық.

JoomShaper